2019 жылғы наурыз айының соңына дейін Қазақстан облыстары, Алматы және Шымкент қалаларының 200-ден астам аудан және қала әкімі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалдарында кәсіби оқудан өтеді.
«Бүгінгі таңда аудан және қала әкімдерінің алдында халық өмірінің әлеуметтік деңгейін жақсарту және өңірлік стратегиялық бағдарламаларды іске асыру сынды үлкен міндет тұр. Өңірлік реформаларды іске асырудың табыстылығы көбіне олардың кәсібилігі мен біліктілігіне, түрлі мүдделі тараптарды қанағаттандыра алатын, стандартты емес шешімдерді таба білуіне байланысты. Оқыту кәсіби әлеует пен практикалық дағдыларды арттыруға және дамытуға, әкімдерде трансформациялық ойлаудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған» – деп атап өтті ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Кәсіби даму институтының директоры Маргарита Қадырова.
Мемлекеттік басқару академиясы аудан әкімдерін оқыту бойынша «Өңірлік дамуды трансформациялау» үлгілік бағдарламасын әзірлеген болатын. Филиалдарда бескүндік оқыту 2019 жылғы 11 наурызда басталып, айдың соңына дейін аяқталатын болады.
Оқу бағдарламасы өте мазмұнды және 3 негізгі блоктан тұрады.
Стратегиялық менеджментті дамыту және көшбасшылық бойынша пәндер блогы стратегиялық көшбасшылық және пайым, ойлау дизайні, креативті ойлау және басқа да дағдыларды оқытудан тұрады. Басты назар стратегиялық құжаттарды, әсіресе, өңірлік деңгейде іске асырылып жатқандарын зерделеуге және оларды іске асырудың тиімді алгоритмдерін жасауға аударылады.
Екінші блок – «Болашақтың құзыреттіліктері». Мәселелер блогы цифрландыру, үлкен деректер негізінде шешім қабылдау (Big Data), халықпен коммуникацияның тиімді каналдары, жеке брендинг пен Digital Media-да жұмыс істеуге арналған. Негізгі компоненті жобалық менеджментке оқыту болып табылады. Аудан әкімдері оқудан өткеннен кейін өз ауданын дамытудың өзекті проблемалары негізінде оларды шешу бойынша әрі қарайғы енгізу және іске асырумен нақты жобаларды әзірлеуге тиіс болады.
Кәсіби даму институтының директоры Маргарита Қадырованың сөзінше, оқуды аяқтағаннан кейін әкімдер өз өңірінің басшылығы алдында қорғайтын қорытынды жобаларын ұсынуы керек. Олар алған білім негізінде әзірлеген және енгізген жобалардан нақты әлеуметтік-экономикалық нәтиже алу оқудан тиімді өтудің басты көрсеткіштерінің бірі болады.
Үшінші негізгі блок өңірлік дамуға, атап айтқанда тиімді бюджеттік жоспарлаудың инструменттері, мемлекеттік сатып алуды басқару және көптеген басқа да сұрақтарға арналған. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының сын-тегеуріндері мен басымдықтарына басты назар аударылады.
Оқытуды Академия филиалының профессор-оқытушылар құрамы мен шақырылған спикерлер – облыстық деңгейдегі басшылар жүргізетін болады.
Атап өткен жөн, 2018 жылғы қараша-желтоқсанда бірінші кезең бюджеттің төртінші деңгейі енгізілген және 2 мың адамнан астам халқы бар ауылдық округтердің 735 әкімін оқыту өткізілді. Оқытудың мақсаты – жергілікті өзін-өзі басқарудың заманауи мәселелерін шешу бойынша ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері корпусының әлеуетін арттыру. Оқыту нәтижесінде ауылдық округ әкімдері жергілікті мәселелерді шешу бойынша 300-ден астам практикаға бағдарланған жобаларды әзірлеп, таныстырды, 90-нан астам жоба тәжірибеде іске асырылды. Ұсынылған жобалар өмір сүрудің әлеуметтік деңгейін жақсарту, ауыл адамдарының азаматтық белсенділігін арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету, қосымша жұмыс орындарын жасау, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, ауылдарды сумен және электрмен жабдықтау және басқаларына қатысты болды.
Биыл ауыл әкімдері әзірлеген жобалардың іске асырылуын мониторингтеу жоспарланып отыр. Институт директоры атап өткендей, бұл оқу бағдарламаларының нақты тиімділігін көруге мүмкіндік береді. Ауыл және аудан әкімдерін оқыту жергілікті жерлерде жобаларды іске асыру кезінде олардың тиімді әрі нәтижелі өзара іс-қимыл жасауы үшін жүргізілуде.
Анықтама үшін:
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке құзыреттерін дамытуға бағытталған, мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды іске асыратын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны.
Мемлекеттік қызметшілерді кәсіби оқыту бұрын жергілікті әкімдіктерге бағынған өңірлік оқыту орталықтарының базасында жүргізілетін. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілерді қысқа мерзімді оқыту Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында орталығы және өңірлерде оның филиалдарымен кәсіби оқытудың бірыңғай жүйесі аясында жүзеге асырылады.
Биыл Академия өзінің 25 жылдығын атап өтеді.
2019 жылға құжаттарды қабылдау басталды. Оқуға түсушілерге арналған ақпарат Академия сайтында www.apa.kz.