Жаңалықтар

Қазақстандағы адами капитал мәселесі талқыланды

Бүгін Академияға ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Әркен Өтенов қонаққа келді. Қонақ «Даму күні» аясында «Қазақстандағы адами капитал» тақырыбында дәріс оқыды. Кездесуге Академия магистранттары, докторанттары және қызметкерлері қатысты.

Дәріс барысында Әркен Өтенов Қазақстандағы адами капиталды дамыту процесінің теориялық және практикалық аспектілерін ұсынды. Атап айтқанда, дәріскер Қазақстанның ұлттық байлығы құрылымында адами капитал ең үлкен үлесті – 42%-ды құрайтынын атап өтті. Алайда, бұл әлемдік орташа көрсеткіштің мәнінен 20%-ке төмен. Сондай-ақ табиғи капитал (29%) үлесінің айтарлықтай төмендеуі байқалады.

Спикердің пікірінше, мұның бәрі ұзақ мерзімді перспективада елдің тұрақты өсуі адами капиталдың сапасына көбірек тәуелді болатынын көрсетеді.
Осы мәселенің өңірлік аспектілерін қозғай отырып, Әркен Өтенов адами капиталдың аумақтық айырмашылықтарына білім беру саласы барынша әсер ететінін атап өтті.

Спикер мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік (колледждер) және жоғары білім берудегі өзекті мәселелер мен теңгерімсіздіктерге тоқталды. Іс-шараға қатысушыларға білім беру деңгейлерінің әрқайсысы бойынша Агенттіктің ұсыныстары таныстырылды.

Кездесу соңында Ә. Өтенов тыңдаушылардың сұрақтарына жауап беріп, білім берумен қатар адами ресурстарға денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау жүйесі, еңбек нарығы да әсер ететінін және алдағы уақытта аталған тақырыптар бойынша да дәріс өткізуге дайын екенін атап өтті.


Your browser does not support SVGs