Жаңалықтар

Қазақстандық «QAZAQSTAN PROJECT MANAGEMENT AWARDS – 2020» жобасы IPMA Global Project Excellence Awards – 2021 дүниежүзілік байқауының алтын жүлдегері

21-23 қыркүйекте Санкт-Петербург қаласында «Цифрлық трансформация дәуіріндегі жобалық басқару» IPMA 32-ші дүниежүзілік конгресі аясында IPMA Global Project Excellence Awards – 2021 байқауы өтті. Байқауға әлемнің 70 елінен жобалар қатысты. Бұл сынға Қазақстан «QAZAQSTAN PROJECT MANAGEMENT AWARDS – 2020» ұлттық конкурсы» жобасын ұсынды. Нәтижесінде “Әлеуметтік жобалар/Өңірлік даму/Қоғамдық жұмыстар” номинациясында қазақстандық жоба үздік деп танылып, байқаудың алтын жүлдегері атанды. Ал, Италия мен ОАР жобалары күміс және қола жүлделерге ие болды.

Жоба қалай басталғанын айта кетсек, 2020 жылы Президент Әкімшілігі Басшысының бастамасымен мемлекеттік органдардың жобалық менеджмент құралдарын қолдануын ынталандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Премьер-Министр Кеңсесінің, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен елімізде алғаш рет ұлттық конкурс ұйымдастырды.
Конкурстың негізгі мақсаты – өз қызметінде жобалық менеджмент әдістері мен құралдарын белсенді енгізетін және қолданатын мемлекеттік органдарды, ұйымдарды қолдау, мемлекеттік қызметшілерді жеке және кәсіби құзыреттерін дамытуға ынталандыру.
QazPMA-2020 конкурсын өткізу үшін ұйымдастыру комитеті мен конкурстың қазылар алқасы жасақталды, олар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Е.Қ.Әбіл, Ұлттық жобалардың іске асырылуын мониторингтеу кеңсесінің басшысы А.Қ.Евниев, Қазақстандық жобаларды басқару қауымдастығының директоры М.Х.Хусаинова, Жоба менеджерлері одағының президенті А.Ф.Цеховой, PMI Chapter Kazakhstan президенті Ю.Жевно, халықаралық судья және жобалық менеджмент жөніндегі асессор А.М.Бугубаев, конкурстың жоба менеджері М. Жұмағали.
QazPMA-2020 қатысушыларының конкурстық жұмыстарын ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының халықаралық және ұлттық стандарттар бойынша сертификатталған жоба менеджерлері қатарынан ассессорлар бағалады.

IPMA Global Project Excellence Award ұйымдастырушылары қазақстандық жоба мүдделі тараптардың кең ауқымын қамтығанын, түрлі қатысушыларды қатыстыра отырып, осындай іс-шараларды әлемдік деңгейде өткізудің жақсы үлгісі болып табылатынын ерекше атап өтті.


Your browser does not support SVGs