Жаңалықтар

Қазіргі мемлекеттік басқару: білім, ғылым, тәжірибе.

2021 жылдың 26 қаңтарында Беларусь Республикасы Президентінің жанындағы Басқару академиясы өзінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Қазіргі мемлекеттік басқару: білім, ғылым, тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырды.

Конференцияның мақсаты – цифрлық дәуірде мемлекеттік басқарудың даму мәселелерін, мемлекеттік қызмет институтын жетілдіру,  мемлекеттік қызметшілердің үздіксіз білім алуы үшін жағдай жасау, азаматтардың басқарушылық шешімдер қабылдау үрдісіне қатысуын белсендендіру сұрақтарын талқылау. Іс-шараға қатысуға Беларусь Республикасының мемлекеттік органдары басшылықтарының, халықаралық ұйымдардың, жоғары білім беру мекемелері мен ғылыми қауымдастықтың өкілдері, Еуропа мен Азия елдерінің мемлекеттік басқару саласындағы маман-практиктері мен сарапшылары шақырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының атынан стратегиялық даму, зерттеу жұмысы және халықаралық әріптестік жөніндегі вице-ректор Айгүл Көшербаева қатысып, «ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік қызметшілердің цифрлық трансформация дағдыларын жетілдірудегі тәжірибесі» атты тақырыпта баяндама жасады.

Айгүл Көшербаева өз сөзінде атап өткендей, бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру болып табылады. Қазіргі әлемде цифрлық технологиялардың дамуы – бұл экономикалық өсімнің қарқынын анықтайтын негізгі фактор және олар мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпалдасады. Бәсекеге қабілеттіліктің маңызды ресурстарының бірі мемлекеттік басқару жүйесінің трансформациясын қамтамасыз ете алатын адам капиталы болып табылады. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметінің нәтижелілігі көп жағдайда мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен мемлекеттік шешімдерді жүзеге асыру сапасын айқындайды.

«Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы қоғамдық құндылықтарға, инновациялық құралдарды енгізуге ден қояды. Барлық Академиялар тәрізді біз де үздіксіз жетілу мәдениетін қолдаймыз және әкімшілік ортаны оңтайландыруға баса назар аударудамыз» – деп атап өтті Академияның вице-ректоры.

Іс-шара COVID-19-дың таралуының алдын алуға байланысты шектеулерді ескере отырып, онлайн форматта өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Беларусь Республикасы Президентінің жанындағы Басқару академиясының құрылғанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтайды!

 


Your browser does not support SVGs