Жаңалықтар

ҚҰНДЫЛЫҚТАР БАСТАУЫ

Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласымен танысу барысында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихын саралай келе, мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктерін тұтастай бір дәуірмен тең болатын уақыт екендігіне тағы да бір рет көз жеткіздік.

Иә, болашаққа жаңа сеніммен, күшпен, қарқынмен қадам басу жолында бір мезет өткен жолымызды таразылап, енді алда қандай жауапты міндеттер тұрғанын көреміз.

Міне, осы жерде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылын үш онжылдыққа бөліп, саралап, әр онжылдықта қол жеткен табысты  жетістіктерді қайрат пен қажырлы еңбектің арқасында келген тұтас дәуірмен пара-пар мезет деп, терең баға берді.

Әділетті қоғам мен тиімді мемлекетті қалыптастыруда халықтың әлеуметтік жағдайын бірінші орынға қою шарт, яғни әрбір қазақстандықтың мүддесі маңызды.

Жаһандану заманында ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмауымыз қажет. Осы жолда өскелең ұрпақтың жадында Тәуелсіздік құндылығы мен мұраларын терең сіңіре отырып, ұлттық мүддені бірінші кезекке қоюды қалыптастыру керек.

Төртінші онжылдықтың басты міндеті – кемел халыққа айналу. Мұнда сананы жаңғыртуды жалғастыра отырып, саяси және мәдени санаға ерекше маңыз беруімізге тура келмек.

Азаматтық қоғамды дамытуға негіз болатын бастамалар, әсіресе, саяси жүйеде көппартиялы Парламентті орнықтыру елімізді эволюциялық жолмен дамытуға мүмкіндік береді.

Түп тұқияннан тамыр алған төл тарихымыз – байтақ жеріміз, ана тіліміз және береке-бірлігіміз негізінде қалыптасқан. Осы басты құндылықтар біздің мемлекеттілігіміздің қайнары.

Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет,» деп тоқ етерін айтты.

Ал, мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді, деген Қасым-Жомарт Кемелұлы, жастардың бірнеше тілдерді меңгеруі олардың  көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынына басымдық  берді.

Бүгінде еліміздегі ұлтаралық татулық пен келісімге сызат түсірмеуіміз шарт. Ортақ құндылықтарды дәріптей отырып, қоғамдағы бірлікті бекемдейік. Біз сонда ғана нағыз Тәуелсіз мемлекеттің ұрпақтары боламыз! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік Басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиал доценті, саяси ғылымдар кандидаты Сауле Жақсыбайқызы Рысбаева


Your browser does not support SVGs