Академия ректоры Ерлан Әбіл мен Академияның Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Злобин ағымдағы жылғы 31 қазан – 1 қараша аралығында Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 30 жыл және Ханнс Зайдель Қоры Өкілдігінің құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараларға қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатында Қырғыз Республикасының Президенті, елдің атқарушы органдары мен ұйымдарының басшылары, Германияның Қырғыз Республикасындағы Елшісі, Ханнс Зайдель Қорының Президенті және Бас Хатшысы құттықтау сөз сөйледі. Орталық Азия елдерінен келген Мемлекеттік басқару академиялары ректорларының атынан ректор Ерлан Әбіл Қырғыз академиясының ұжымын мерейтойымен құттықтады.Сонымен бірге аталған іс-шара аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түрікменстандағы Академия ректорларының кездесуі ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметшілерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселесі, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықтың бірлескен жобаларын іске асыру шеңберінде Ханнс Зайдель Қорымен ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен келешегі талқыланды.
Екінші күні Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің Төрағасы – Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаров Орталық Азия елдерінен келген Академия ректорларымен, Ханнс Зайдель Қорының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында А. Жапаров мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту, жобалық тәсілді енгізу және дамыту бойынша Қазақстанның тәжірибесін атап айтты. Бұған қоса, 1 қарашада «Цифрландыру кезеңіндегі мемлекеттік басқару: бүгінгі болмысы және сын-тегеуріндері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Аталған конференцияда Академия ректоры Е. Әбіл Қазақстанда мемлекеттік басқару саласында жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде баяндама жасап, мемлекеттік органдардың қызметіне цифрлық технологияларды енгізу тәжірибесіне және мемлекеттік қызметшілердің цифрлық дағдыларын дамытудағы Академияның рөліне тоқталып өтті. Конференция жұмысына Астана Мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов және мемлекеттік басқару саласындағы шетелдік сарапшылар қатысты.
Жоғарыда аталған іс-шаралар Орталық Азия елдерінің Мемлекеттік басқару академияларын өңірлік дамыту аясында атқарылатын жұмыстың өзектілігін тағы бір талқылап, алдағы уақытта ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.