Новости

Академия мен Түрікменстан СІМ Халықаралық қатынастар институты арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

2024 жылдың 10 қазанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашхабадқа ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 

Меморандумға Академия ректоры Ерлан Әбіл мен Халықаралық қатынастар институтының ректоры Гульшат Юсупова қол қойды. Келісім халықаралық қатынастар және дипломатия саласында мамандар даярлау, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Біліктілікті арттыру бойынша бірлескен оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, халықаралық сарапшылардың қатысуымен семинарлар ұйымдастыру, халықаралық қатынастар саласында бірлескен зерттеулер жүргізу, білім алушылар мен оқытушылармен академиялық алмасу, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізу сияқты шаралар ынтымақтастықтың негізгі бағыттары болып табылады. 

Аталған келісім дипломатиялық қызметшілерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру саласында Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы білім беру және ғылым салаларындағы байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.


Your browser does not support SVGs