ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановпен кездесу өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова, сондай-ақ екі Агенттіктің жауапты қызметкерлері қатысты. Академия меймандарының назарына инфрақұрылым мен ішкі ақпараттық өнімдер көрсетіліп, ғылыми-зерттеу қызметі мен еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын ілгерілету бойынша іске асырылатын шаралар ұсынылды.
Академияда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер және комплаенс орталығы 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. Орталық сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қолдауымен осы саладағы зерттеулер мен сараптамалық жобаларды жүзеге асырады, түрлі оқыту бағдарламаларын әзірлейді. Сонымен қатар ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқару жүйесін енгізуге бағытталған әдістемелік қолдау көрсетеді. «Бізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру міндеттерін кәсіби деңгейде орындауға қабілетті әрі қажетті интеллектуалдық және сараптамалық әлеует бар»,-деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер және комплаенс орталығы басшысының орынбасары Ержан Жаров.
Кездесу барысында Академияның Қолданбалы зерттеулер және халықаралық әріптестік орталығының басшысы Анар Есенгелдина орталықтың сарапшылар құрамы ғылыми-зерттеу қызметі шеңберіндегі ынтымақтастыққа әзір екендерін жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Марат Мұратұлы Академияның жүргізіліп жатқан жұмысын жоғары бағалады және Агенттіктің құрылымдық бөлімшелерімен негізгі бағыттар бойынша өзара ынтымақтастықты нығайтуға шақырды. Кездесу – жақын аралықта жолға қойылған жоспарлы іс-шараларды бірлесе атқару туралы келісіммен аяқталды.