Қызылорда облысында Мемлекеттік басқару Академиясы және «Болашақ» бағдарламасының түлектерінен тұратын арнайы пул құрылды. Түлектер пулы Академияда және шетелде алған білімдері мен тәжірибелерін облыстағы мемлекеттік қызметшілермен бөлісетін болады.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен Мемлекеттік басқару Академиясының облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырған онлайн кездесуде мәлім етілді.
Департамент басшысы Рафхат Бисеновтің айтуынша, мұндай бастама аймақта алғаш рет қолға алынып отыр.
«Кездесудің мақсаты шетелде және Мемлекеттік басқару Академиясында білім алған мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін пайдалану. Осы мақсатта аталған түлектердің қатарынан арнайы пул, яғни, тренерлер тобын жасақтаймыз. Олар өз кезегінде облыстағы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында шеберлік сабақтарын өткізеді», – деп атап өтті Рафхат Бисенов.
Шеберлік сабақтары Академияның облыстық филиалы базасында жүзеге асырылатын болады. Бір сөзбен айтқанда, «Өзгерістер агенті» деген атауға ие болатын түлектер – жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілерді дайындауға атсалысады.
«Филиал базасында жыл сайын 600-дей мемлекеттік қызметші түрлі курстардан өтеді. Олардың қатарында біліктілігін арттырушылармен қатар мемлекеттік қызметке алғаш қадам басқандар да бар. Түлектер пулының өз тәжірибелерімен бөлісуі – білікті мамандар дайындауға ықпал етеді. Алдағы уақытта «Академия және Болашақ түлектері: ынтымақтастық және бастамалар» тақырыбында облыстық семинар өткізуге уағдаластық. Сондай-ақ, аймақтағы мемлекеттік қызмет аппаратының кәсібилігін арттыратын «Идеялар фабрикасын» құру жоспарлануда», – деді Академия филиалының директоры Мұрат Әйтімов.
Айта кету керек, бүгінде Қызылорда облысында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының – 20 және «Болашақ» бағдарламасының – 6 түлегі мемлекеттік органдарда қызмет етеді.