Академия ректоры Әлтаир Ахметов Аргентинаның Төтенше және Өкілетті Елшісі Рикардо Эрнесто Лагориомен, оның Қазақстанға сапары шеңберінде, кездесу өтті. Биылғы жылы Академия мен Аргентина Дипломатия академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланып отыр.
Кездесу барысында тараптар қазіргі жағдайдағы дипломатиялық қызметтің даму перспективалары және оны оқытуда білім беру мекемелерінің рөлі туралы пікір алмасты. Елші әлемді түбегейлі өзгерткен смартфон туралы мысал келтірді. Ол дипломатияға аяқ басқан кезде смартфон болмады. Оның пайда болуымен бір уақытта байланыстарды орнату оңайырақ бола түсті. Әлем алдында тұрған технологиялық қатерлер дипломатиялық қызметке бірдей әсер етеді, оның сипаты, қарқындылығы, мазмұны өзгереді.
Елшінің айтуынша, бүгінгі күні Қазақстан мен Аргентина арасындағы үлкен қашықтық жаһандық күн тәртібіндегі ұстанымдарды жақындатуға кедергі болмайды, әсіресе екі елдің сыртқы саяси көзқарастары ортақ болғандықтан. Бұл, ең алдымен, барлық елдермен бейбіт қатынастарды дамытуға және жаһандық тәртіпті қалыптастыруда белсенді рөл атқаруға деген ықылас.
Практикалық тұрғыда тараптар бейнеконференциялар арқылы екі оқу орны арасында байланыс орнату, оқытушылар мен сарапшыларды шақыру, тәжірибе алмасу туралы келісімге келді. Қазір дипломатия саласындағы болып жатқан өзгерістер туралы ой бөлісу маңыздылығын ескеріп, елші Академияның магистранттары мен докторанттарына дәріс оқуға дайын екендігін білдірді.