«Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандумның мақсаты – ҚазҰЖҒА мен МБА арасында серіктестік қарым-қатынас орнату және ғылыми-білім беру қызметі бойынша күш-жігерді біріктіру. Ынтымақтастықтың негізгі міндеттері әзірлемелер мен жаңа технологиялармен, ғылыми идеялармен және ақпаратпен алмасуға қолайлы жағдай жасау, бағдарламалық құжаттарды іске асыру мақсатында өзара тиімді жағдайларда жұмыстарды ұйымдастыру, сондай-ақ жаңа технологиялық бағыт үшін инновациялық экономиканың және еліміздің басқа да көптеген қызмет салаларының сапалы даму деңгейін қамтамасыз етуге қабілетті мамандарды мақсатты даярлау және қайта даярлау болып табылады.
Тараптар теңдік негізінде ынтымақтастықты мынадай бағыттар бойынша жүзеге асыруға ниетті:
– ғылыми-техникалық бағдарламалар мен инновациялық жобаларды әзірлеу, мемлекеттік, өңірлік, салалық, халықаралық және өзге де бағдарламалар мен жобалар шеңберінде, сондай-ақ ұлттық және шетелдік институттардың гранттары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;
– жаңа сападағы инновациялық өнім жасауға бағытталған мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаттарына негізделген мемлекеттік, өңірлік, салалық, салааралық, ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар жобаларын әзірлеуге қатысу;
– ғылым мен білім беруді дамытудың нақты, өзара қызығушылық білдіретін және тиісті перспективалық бағыттары бойынша бірлескен ғылыми, практикалық зерттеулер жүргізу;
– Тараптардың оқу-әдістемелік кешендерін және зерттеу жобаларын әзірлеуге қатысу;
– ғалымдарды шақыру және қабылдау, өзара қызығушылық тудыратын тақырып бойынша оқу семинарларын, конференцияларды, дөңгелек үстелдерді, тақырыптық пікірталастарды ұйымдастыру.
Дәл осы күні Мемлекеттік басқару академиясының базасында Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті
Н.Ә. Әбіқаевтың төрағалығымен жалпы жиналыс өтті. Айта кету керек, Академияның ректоры да ҚазҰЖҒА Президиумының мүшесі болып табылады.
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
