Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ф.Эберт атындағы қордың өкілдігі «Қазақстан жастары: құндылықтарын, үміттерін, ұмтылыстарын бағалау» тақырыбында презентация өткізді. Зерттеушілер «Жастар және еңбек нарығы», «Жастар және білім беру», «Жастар және әлеуметтік әділеттілік», «Жастар және дін» тақырыптары бойынша зерттеу нәтижелерін жариялады.
Зерттеу Германияда 1953 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан «Shell Youth Study» неміс әдіснамасына негізделген, онда академиялық мекемелер мен институттар Германиядағы жастардың қарым-қатынасын, пікірлері мен күтетін нәтижелерін қарастыратын зерттеулер жүргізеді. Осы неміс әдістемесі қазақстандық зерттеуге қолданылды. 2020 жылы «BISAM Central Asia» зерттеу орталығы Қазақстандағы 14-29 жас аралығындағы жастар арасындағы репрезентативті әлеуметтік сауалнама жүргізіп, жастардың қазіргі құндылықтарын, көзқарастарын анықтады. Атап айтқанда, жастардың өмір салты, олардың өмірдің алуан түрлілігіне көзқарастары, құндылық бағдарлары, өзін-өзі тану және толеранттылық деңгейі, олардың көңіл-күйі мен ұмтылыстары, сондай-ақ халықаралық саясат пен көрші елдермен ынтымақтастық туралы пайымдары.
Аталған іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, жастар ұйымдарының, академиялық қоғамдастықтың және т.б. өкілдері қатысты.
Бүгінде ел болашағы ретінде жастардың пікірі, қоғамның түрлі салалары турасындағы көзқарастары маңызды. Сондықтан қазақстандық ғалымдар немістің зерттеу әдісін негізге ала отырып, 14 – 29 жас аралығындағы ел тұрғындары арасында зерттеу жүргізді. Оған Ф.Эберт атындағы қордың Қазақстан мен Өзбекстан елдеріндегі өкілдігі қаржылай қолдау білдіріп, зерттеу саласына да айтарлықтай үлестерін қосты.
Ерлан ӘБІЛ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының ректоры: «Жастар арасындағы зерттеу әлемдік пандемиядан бұрын қолға алынды. Карантиндік шараларға байланысты мерзімі ұзартылды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы бұған дейінгі зерттеулерге белсене қатысты, осы зерттеу ұсынылған кезде, біз қолдау білдірдік. Өйткені бізге қазіргі кездегі жастар саясатының қаншалықты дұрыс жолға қойылғаны маңызды болып отыр. Қазіргі жастар Тәуелсіздік жылдарында туылды. Олардың құндылықтарын білудің маңызы зор. Олардың билікке сенімділігі, толеранттылығы секілді аспектілер зерттеуде қамтылды. Біз зерттеу нәтижелерін кейс ретінде Академияның оқу бағдарламаларында қолданатын боламыз. Біз әрбір алынған нәтижені топтық сабақтарда талқылаймыз. Осы орайда, Ф.Эберт атындағы қормен әріптестік байланысымыз өз жемісін беріп отыр. Әрі қарай да жұмысымызды жалғастырамыз».
Ф.Эберт атындағы қордың Қазақстан мен Өзбекстан елдеріндегі өкілдігінің директоры Кристоф Мор, мұндай зерттеулердің Германияда сонау 1953 жылдан бері жүргізіліп келе жатқандығын айтып, зерттеудің маңызына тоқталды. Сонымен қатар қазақ және неміс жастарының арасындағы айырмашылықтары туралы пікірін білдірді.
Кристоф МОР, Ф.Эберт атындағы қордың Қазақстан мен Өзбекстан елдеріндегі өкілдігінің директоры: «Біз қазақ жастары арасында мұндай зерттеуді екінші мәрте жүргізіп отырмыз. Егер екі елді салыстыратын болсақ, жастардың құндылықтары, көзқарастары арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Сонымен қатар, бұл жерде қай өңір жастары қамтылғанына назар аудару қажет. Мәселен, Қазақстандағы зерттеуге қаламен қатар ауылдық жерлерде тұратын жастар қамтылды. Өздеріңіз білесіздер, ауыл мен қала тұрғындарының арасындағы көзқарас, құндылықтарында ерекшелік байқалады. Германия бұл18 млн-нан астам халқы бар үлкен мемлекет. Бұл елдегі зерттеуге тек қана Берлин, Франкфрут секілді қалаларда тұратын жастар қатысты. Сондықтан құндылықтары туралы көзқарастары әралуан. Зерттеуге екі елдің де жастары белсенділік танытқанын атап айтқым келеді».
Рахым ОШАҚБАЕВ, «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры: «Соңғы 30 жылда технологияның, біршама құндылықтардың алға жылжуы, өзгеруі еліміздегі жас буынға әсерін тигізбей қоймады. Ал, олардың қазіргі құндылықтары, өзге буын өкілдерінен айырмашылықтары қандай деген сұрақтардың жауабын біз үнемі біліп отыруымыз керек. Біздің жастар талантты, оған Иманбек, Димаш Құдайберген секілді жастар дәлел. Бұл біздің әлемдік ортада бәсекеге қабілетті екенімізді көрсетеді. Қазақ халқы рухани бай халық, бұл бізді одан сайын алға ұмтылдырады. Осы орайда, бүгінгі шараның маңызы зор. Жастарға не қажет, олардың саяси, мәдени, білім-ғылым, өзге ұлттармен қарым-қатынас, олардың елге сенімін, көзқарастарын өздерінен сұрау салу арқылы білдік. Әрине, зерттеуде қамтылмай қалған салалар бар, ол алдағы уақытта зерттеліп, зерделенеді деген үміттеміз».
Дина ШАРИПОВА, зерттеуші, Назарбаев Университеті мемлекеттік басқару Жоғары мектебінің Ассистент-профессоры: «Бізді бұл зерттеуге Фридрих Эберт қоры шақырды. 2020 жылы зерттеу жүргіздік. Мен білім беру, жұмысқа орналасу, миграция және жастардың елдегі саяси оқиғаларға қарым-қатынасы секілді сауалдарға жауап іздедім. Қызықты әрі түрлі нәтижеге қол жеткіздік. Мәселен, біздің жастарымыз сапалы білім алуға тырысады, өкінішке орай олар сапалы білімді шетелде алуды қалайды. Сонымен қатар, жастар мемлекеттің қолдауына сенім артады, мемлекет білім алуға, жұмысқа орналасуға қолдау білдірулері қажет деп есептейді».
Зерттеу материалдары ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде дайындалды. Барлық статистикалық мәліметтер, зерттеу нәтижелері Академияның оқу бағдарламасында қолданылады, талқыланады.