Семинар қатысушылары өңірлерде бюджеттік саясатты іске асырудың өзекті мәселелерін талқылады, қоғаммен өзара іс-қимыл барысында ашықтық пен айқындықты, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін зерделеді, жергілікті өзін-өзі басқарудың даму үрдістеріне талдау жасады. Қарқынды оқу барысында практикалық кейстер шешіліп, депутаттық қызметті тиімді ұйымдастырудың жолдарына да баса мән берілді. Оқу нәтижесі бойынша Академия ректоры Ерлан Әбіл қатысушыларға семинарды табысты аяқтағаны туралы сертификаттарды табыс етті.
Он күнге созылған оқу процесі барысында Ақтөбе облысының мәслихат депутаттары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен, яғни Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі Аманғали Бердалинмен , Экология және табиғатты қолдану мәселелері жөніндегі комитет мүшесі Ғалымжан Елеуовпен , Қаржы және бюджет жөніндегі комитет мүшелері Дания Еспаевамен және Сергей Симоновпен кездесті. Кездесу барысында Мәжіліс депутаттары Ақтөбе өңірінің халқын толғандыратын мәселелерге тұщымды жауап беріп, атқарылып жатқан істерді баяндады. Атап айтқанда, ауыз су мәселесі, газ тарту, қоқысты қайта өңдеу, Көкжиде тұщы су қорының тағдыры, салынып жатқан жолдардың мәселесі, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және т.б. өзекті сұрақтар талқыланды.⠀
Атап өтейік, аталмыш кездесу Академия қабырғасында 17-28 қазан аралығында «Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту: өкілді билік органдарының рөлі» атты тақырыпта өтіп жатқан семинар аясында ұйымдастырылды.