Астанада Ресей Федерациясы Үкіметінің қолдауымен Президенттік академияның Жоғары мемлекеттік басқару мектебі жүзеге асыратын жоғары деңгейдегі басқарушы кадрлар резервін даярлау бағдарламасының халықаралық тағылымдамасы аяқталды. Оқу модулі «Ұлттық мақсаттарға қол жеткізу үшін адами капиталды дамыту» тақырыбына арналды. Тағылымдама бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қолдауымен өткізілді.
Бағдарлама аясында еліміздің мемлекеттік басқару жүйесімен танысу, әріптестер арасында тәжірибе алмасу, Ұлттық экономика министрлігіне, Халықты жұмыспен қамту орталығына, Назарбаев Университетіне, «ITeachMe құзыреттерді дамыту орталығы» қоғамдық қорына бару қамтылды.
Модуль шеңберінде спикер ретінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл және т.б. сөз сөйледі.
ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова «Ресейлік әріптестеріміз «Кәсіптік техникалық білім берудің ерекшеліктері» тақырыбына үлкен қызығушылық танытты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес кәсіптік-техникалық білім беру саласында үлкен өзгерістер орын алуда. Көрші елден келген әріптестерімізбен танысу барысында кадрларды даярлауға арналған бағдарламалар, өндіріс үшін нысаналы кадрлар даярлау процесі және дайындалған кадрлардың құзыретін бағалау процестері мәселелері қозғалды»,-деп атап өтті.
«Біз тағылымдама үшін Қазақстанды бірінші рет таңдап отырған жоқпыз: әріптестеріміз жүргізіп жатқан мемлекеттік басқару жүйесіндегі трансформация мемлекеттік қызметшілер үшін де, азаматтар үшін де тиімді өзгерістердің үлгісі. Бағдарлама тыңдаушылары әріптестерінің тәжірибесімен танысуға, бірлескен жобалардың перспективаларын талқылауға және өз қызметіне интеграциялау үшін үздік тәжірибелерді қабылдауға мүмкіндік алды. Біз Ресейде де, Қазақстанда да басқарушылар үшін мүмкіндіктер көкжиегін кеңейту үшін Академияларымыздың арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытатын боламыз»,-деді Жоғары мемлекеттік басқару мектебі директорының орынбасары Алексей Колесников.
Жоғары деңгейдегі басқарушы кадрлар резервін даярлау бағдарламасы жобалық-талдау сессиясынан, бес білім беру модулінен және шетелдік тағылымдамадан тұрады. Тыңдаушылар мынадай тақырыптарды меңгереді: әлеуметтік-экономикалық дамудың заманауи тәсілдері мен практикасы, мегажобаларды басқару, тәуекелдерді болжау және басқару. Тыңдаушылар желтоқсан айында ұсынатын жобалық бастамалар осы оқытудың нәтижесі болмақ.